Қазақстан Республикасы Оқу - ағарту министрлігі білім беру ұйымдарына қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізді (30.03.2026 ж. № 2-20-6/2297-И хат).
2026 жылы бірінші сыныпқа қабылдау ел өңірлерінде кезең - кезеңімен 27 мамырдан бастап жүргізіледі. Бұл шешім электрондық үкімет порталы egov.kz - ке түсетін жүктемені азайту мақсатында қабылданды.
Қостанай облысында бірінші сыныпқа қабылдау 18 - 28 маусым аралығында Павлодар және Атырау облыстарымен, сондай - ақ Алматы және Шымкент қалаларымен қатар жүргізіледі. Сонымен қатар, маусым айында құжат тапсырып үлгермеген ата - аналар үшін 11 шілде мен 31 тамыз аралығында қосымша қабылдау ұйымдастырылады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес, балалар бірінші сыныпқа ата - анасының өтініші негізінде, дайындық деңгейіне қарамастан, 6 жастан қабылданады.
Қазақстан азаматтарына арналған портал арқылы мектепке қабылдау үшін қажетті құжаттар тізімі:
1. ата - анасының немесе заңды өкілдерінің өтініші (автоматты түрде қалыптастырылады);
2. № 065/у үлгісіне сәйкес профилактикалық екпелер картасы;
3. баланың денсаулық паспорты № 052 - 2/у;
4. өлшемі 3х4 см фотосурет (2 дана).
Егер балаға ерекше инклюзивті жағдайлар қажет болса - психологиялық - медициналық - педагогикалық комиссияның қорытындысы ұсынылады.
Өтініштер дүйсенбіден жұмаға дейін, демалыс және мереке күндерін қоспағанда, қабылданады.
